Жайық news

Облыста экологиялық бақылау күшейтілді

Сурет: Жайық Пресс

Жыл басынан бері облыста 5 162 экологиялық құқықбұзушылық анықталды. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы БҚО ПД 28 235 бұзушылықты тіркеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында облыста табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, санитарлық тәртіпті ұстау және экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.

Ол үшін өңірде заманауи технологиялар қолданылып, бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Оралда бірқатар контейнер алаңдары бірыңғай бейнебақылау жүйесіне қосылған. Жыл басынан бері оның көмегімен 40 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өткізілген бірлескен рейдтер барысында қалада 30 ретсіз қоқыс үйіндісі анықталды. Олардың барлығы жойылды.

Бір мезгілде халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, санитарлық талаптарды сақтау және қоршаған ортаның жай-күйіне жауапкершілікті арттыру бағытында профилактикалық жұмыс жүргізілуде.

Көп оқылғандар