Департамент басшысы М.Байсаловтың Батыс Қазақстан облысының аудандарындағы жоспарлы жұмыс сапарлары жалғасуда. Бұған дейін Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында өткізілген түсіндіру іс-шаралары Казталов ауданында өз жалғасын тауып, аудан әкімдігі аппаратының үлкен мәжіліс залында ҚР Конституциясының құндылықтары мен нормаларын, сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңның негізгі ережелерін түсіндіруге арналған кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараға Казталов ауданының әкімі А.Сарқұлов, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдердің басшылары, аудан әкімдігі аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері және мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Кездесу барысында Департамент басшысы М.Байсалов Конституциялық реформалардың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудағы маңызына, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге, мемлекеттік қызметтің сервистік моделіне, меритократия қағидатына, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа тетіктеріне кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, «Адал азамат» қағидатын ілгерілету, мүдделер қақтығысының алдын алу, мемлекеттік қызметте ашықтық пен қызметтік әдеп талаптарын сақтау, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Кездесу соңында қатысушылардың сұрақтарына қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірмелер беріліп, облыс аудандарында Конституция мен мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңнаманы түсіндіру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатыны атап өтілді.

Мазмұнға өту
