Басты тақырып

Негізгі ҰБТ-2026: 233 мың талапкер қатысып, ең көп таңдалған пән комбинациясы «Математика – Физика» болды

Сурет: astanatv.kz

Биылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге 233 мың талапкер қатысты. Олардың 73,1 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 26,8 пайызы орыс тілінде, ал 383-і ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасованың айтуынша, тестілеу форматы өзгеріссіз қалды: үш міндетті және екі бейінді пән бойынша 120 тапсырма, ең жоғары балл – 140, уақыт – 4 сағат. Талапкерлер ең көп «Математика – Физика» комбинациясын (18,2%) таңдаған. Екінші орында «Биология – Химия» (14,4%), үшінші орында «Шығармашылық емтихан» (12,4%) тұр.

Комитет төрағасы инженерлік бағыттарға қызығушылықтың артуы мемлекеттің кадр саясатының нәтижесі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша соңғы жылдары гранттардың басым бөлігі инженерлік-техникалық бағыттарға бөлініп келеді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер саны бес жылда тоғыз есе артып, биыл 800-ге жуық өтініш түскен. 2021 жылы бұл көрсеткіш 90 болған. Көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған талапкерлерге қосымша 40 минут беріледі. Биыл 254 талапкердің көру, 443-інің есту, 103-інің тірек-қимыл аппараты бұзылған.

Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлердің дайындығына жағдай жасау жұмысын жалғастыруда. Оқу жылының басында сайтта тест тапсырмалары әзірленген оқулықтар тізімі, тарихи даталар, терминдер және әдеби шығармалар тізімі жарияланады. 2022 жылдан бері әр талапкер тестілеу соңында нәтижелері бойынша тақырыптық талдау ала алады. Бұл талдау білім басқармалары мен мектептерге де ұсынылып, білім сапасын арттыруға көмектеседі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік білім гранттары конкурсына құжат қабылдау 20 шілдеге дейін жалғасады. Құжаттарды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн, виртуалды комиссиялар арқылы онлайн немесе eGov.kz порталы арқылы тапсыруға болады. Грант иегерлері 10 тамызға дейін анықталады.

Көп оқылғандар