Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен қалдықтарды басқару мәселелері қаралған кеңес өтті. Жиынға салалық департамент, басқарма басшылары, Орал қаласы және барлық аудан әкімдері қатысты.
Өңірде 147 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Оның 81%-ы қоршалған. «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ-ның 11 шілдедегі мониторинг деректеріне сәйкес өңір аумағында 113 заңсыз қоқыс орны анықталған. Бүгінде оның 88-і жойылды.
2025 жылы 132 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 36,7 мың тоннасы сұрыпталып, өңделді. Орал қаласында GreenServiceCompany ЖШС және Ақсай қаласында Digitalisation and Resycling ЖШС-ның қоқыс сұрыптау кешендері жұмыс істейді. Өңірдегі 2 ірі зауыт және 1 цех қалдықтарды өңдеп, дайын өнімдер шығаруға маманданған.
Жиында Орал қаласы, Бөрлі және Бәйтерек аудандарының әкімдері қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Аймақ басшысы аталған мәселені тиімді шешу қоршаған ортаны қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және елді мекендердің тазалығын сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Нариман Төреғалиев Президент тапсырмаларына сәйкес «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында бұл бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру қажеттігін жеткізді.
— Қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуге шығаруды тиімді ұйымдастыру мақсатында 8 аудан орталығында пластикті нығыздау аппараты сатып алынды. Алайда жергілікті әкімдіктердің бұл бағыттағы жұмысы көңіл көншітпейді. Бәйтерек ауданында ғана кәсіпкермен келісіп, сұрыпталған қалдықтарды қабылдайтын пункт ашылған. Жалпы, қоқыс төгу, яғни қалдықтарды арнайы орындарға тастау мәдениетін қоғам арасында кеңінен түсіндіруіміз қажет. Құзырлы құрылымдар мониторинг жұмыстарын күшейтіп, кез келген орынды қоқыс алаңына айналдыратын жеке және заңды тұлғаларды тауып, тиісті жауапкершілікке тарту қажет, — деді Нариман Төреғалиев.
Аймақ басшысы аудан әкімдіктеріне қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындарында металл қоршау орнату және заңсыз қоқыс орындарын жоюды жеделдетуді тапсырды.
Мазмұнға өту
