Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданына жұмыс сапары аясында Пугачево ауылындағы агробизнес орталығына барды. Batys AgroHub әлеуметтік жобасын «КПО б.в.» компаниясының тапсырысымен Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асырды.
Маңызды жобаның мақсат-міндеттері – Бөрлі ауданының жергілікті қауымдастықтарын қолдау, көкөністерді өсіру дағдыларын жетілдіру арқылы халық табысын арттыру, өңір фермерлерін біріктіру, жылыжай шаруашылығы мен жаңа агротехнологияларды меңгерту және дамыту, ауданның азық-түлік қауіпсіздігін нығайту. Бұл үшін оқу аудиториялары мен конференц-залы, демонстрациялық учаскелер, өнімді сұрыптауға және қабылдауға арналған үй-жайлар салынды. Сондай-ақ, болашақта сақтау және қайта өңдеу дамитын алаң пайда болды.
Былтыр 25 ауыл тұрғыны оқудан өтіп, өз жылыжайларын салуға гранттық қолдау алса, биыл 15 грант бөлінді. Былтыр жобаға қатысушылар 15 млн тоннадай қияр өнімін нарыққа шығарды. Аймақ басшысы аталған жоба өзге аудандарға үлгі боларлық берекелі бастама екенін атап өтті.
— Біз «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кооперативтер санын көбейтуге басымдық беріп отырмыз. Осындай орталықтар аудан шаруашылықтары арасында кооперациялар құруға көмектеседі. Әлеуметтік жобаның аясында жаңа жұмыс орындары ашылды, жергілікті өндіріс нығайып, азық-түлікке тұрақтылық артты. Бұл бастаманы барлық ауданға үлгі ретінде таратуымыз керек. Осында басқа аудандардың да делегациясын жіберіп, тәжірибе алмасуға жағдай жасаймыз», — деді Нариман Төреғалиев.
Облыс әкімі заманауи аробизнес, жылыжай ісіндегі инновациялар жөнінде білікті мамандардан дәріс алған «Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушыларымен кездесті. Тұрғындарға мүмкіндікті тиімді пайдаланып, көкөніс тұқымын себуден бастап, баптау, жинау және сатуға дейінгі толық тізбекті терең зерттеудің маңызын айтты.
Айта кетейік, Бөрлі ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында былтыр 6, биыл 4 жоба қаржыландырылды. Ұжымдық бақша отырғызу жұмыстары да жанданып келеді. Оның аясында 17 отбасы 7 гектар жерге картоп, сәбіз, қиыр, қызанақ, қарбыз, қауын, асқабақ екті.

