Сурет: Egemen Qazaqstan
Ақжайық ауданының Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зинуллинге қатысты тәртіптік іс Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Ол жұмыс уақытында қызметтік көлікті мас күйінде басқарғаны үшін полиция қызметкерлерінің назарына іліккен, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басшысының орынбасары Дәурен Хаировтың айтуынша, оқиға 12 наурызда болған. Әкім Чапаев ауылдық округінде тоқтатылып, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
«Біз сот шешімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарына тұрақты түрде мониторинг жүргіземіз. Бұл оқиға туралы әкімшілік құқық бұзушылықтар базасынан білдік. Бірінші сатыдағы сот оның пайдасына шешім шығарып, ақтаған болатын. Алайда апелляциялық саты бұл шешімнің күшін жойды», деді Дәурен Хаиров.
Істі қарау қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес әкімді қызметінен босатуды ұсынды. Белгілі болғандай, осыған дейін де оның «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жазасы болған.

