Сурет: Egemen Qazaqstan
Ақсу қаласының ауданаралық соты полиция қызметкерін пара алу және әкімшілік іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалау фактілері бойынша айыпты деп таныды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тергеу барысында көлік жүргізу құқығы жоқ әйелдің алкогольдік масаң күйде жол-көлік оқиғасын жасағаны анықталды. Әкімшілік іс қаралған кезде сотқа оның жүкті екендігі туралы анықтама ұсынылып, соның негізінде әкімшілік қамақ жазасы айыппұлмен ауыстырылған.
Прокурорлар жүргізген тексеруде бұл медициналық құжаттың жалған екені дәлелденді. Прокурорлардың жедел жұмысының арқасында сыбайлас жемқорлық қылмысы әшкереленіп, мас күйде құқық бұзған адамның жалған құжат пайдаланғаны анықталды.
Сот полиция қызметкерін кінәлі деп танып, оған 6,6 млн теңге айыппұл салып, мемлекеттік қызметте және басқа да лауазымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды. Сотталған адам арнайы атағынан айырылып, пара ретінде алынған ақша мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот Павлодар облысы прокуратурасы қызметкерлерінің кәсіби тәжірибесін оң бағалап, бұл жөнінде жеке қаулы шығарды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Мазмұнға өту
