Categories Жайық news

Маңғыстаулық әйел балабақшада ұлының жарақат алуына байланысты әділ тергеуді талап етеді

Сурет: envato.com

Бейнеу ауданының тұрғыны Жанар Көмекбаева мемлекеттік балабақшада ұлының ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалғанын айтады. Ол оқиға бойынша әділ тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Анасының сөзінше, оқиға 2025 жылғы 9 қыркүйекте болған. Бес жасар Қайсар балабақша ауласында ойнап жүргенде темір әткеншек оң көзіне соғылып, ауыр жарақат алған.

Жанар Көмекбаеваның айтуынша, оқиғадан кейін балаға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген. Тәрбиеші жарақат алған баланы жұбатудың орнына күш қолданған. Сондай-ақ балабақша қызметкерлері болған жағдайды бастапқыда жасырмақ болған.

Оның мәліметінше, балаға бірнеше сағат бойы медициналық көмек көрсетілмеген. Оқиға туралы анасына тәрбиеші емес, кейін ауысымға келген басқа қызметкер хабарлаған.

Жарақат салдарынан Қайсардың зақымданған көзінің көру қабілеті 4 пайызға дейін төмендеген. Екінші көзінің көруі 50 пайызға нашарлаған. Әйел осыған байланысты ұлына мүгедектік рәсімделгенін мәлімдеді.

Жанар Көмекбаева сот-медициналық сараптаманың жарақатты денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян ретінде бағалауымен келіспейді. Ол баланың денсаулығына келтірілген зиян ауыр дәрежеде деп танылуы керек деп санайды.

2026 жылдың сәуір айында қылмыстық іс қайта сараптамаға жіберілген. Аудандық прокуратура мен тергеу органдары қорытынды мамыр айының басында дайын болатынын хабарлаған. Алайда 12 маусымдағы жағдай бойынша сараптама нәтижесі әлі жарияланбаған.

Осыған байланысты Жанар Көмекбаева Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына және құқық қорғау органдарының басшылығына үндеу жасап, істің қаралуын жеделдетуді сұрады. Сондай-ақ ол тәрбиешінің, балабақша басшылығының, медицина қызметкерінің және істі тергеп жатқан жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті.

Ұқсас жазбалар

Каспий теңізінде ағыс алып кеткен екі адам құтқарылды

Каспий теңізінде демалып жүрген екі ер адамды қатты ағыс ашық теңізге қарай алып кеткен. Олар…

Бөкей хандығының 225 жылдығы аясында «BOKEI ORDA TRAIL» жүгіру жарысы өтті 

Бөкей хандығының 225 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында Бөкей Ордасы ауданының Хан ордасы ауылында «Bokei…

Астанада мешітте намаз оқып тұрған ер адамның телефоны ұрланды

Астанадағы мешітте намаз оқып жатқан ер адамның iPhone 13 ұялы телефоны ұрланды. Полиция күдіктіні ұстады.