Жайық news

Маңғыстауда есірткі сақтады деген күдікпен 28 жастағы жүргізуші ұсталды

Сурет: Polisia.kz

Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері мефедрон сақтады деген күдікпен бір ер адамды ұстады. «Қарасора» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ақтау қаласында Mitsubishi Montero Sport автокөлігін тоқтатты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жеке тінту кезінде 28 жастағы жүргізушіден мефедрон салынған бір зип-пакет тәркіленді. Автокөлікке жүргізілген тінту барысында полицейлер мефедрон салынған 18 пластикалық құтыны, 5 зип-пакетті, электрондық таразыны, 120 мың теңгені, синтетикалық есірткі затының іздері бар тәрелкені және түтікті тәркіледі.

Күдіктінің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту кезінде есірткі заттарын бөлшектеп орауға арналған 4 орам оқшаулағыш таспа және шамамен 100 дана жаңа зип-пакет табылып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес ұсталған азаматтың есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Осыған байланысты ол сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша барлық қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Көп оқылғандар