Categories Қаржы

Май экспортынан түскен пайда рекордтық деңгейге жетті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстанда май өнімдерінің экспорттық кірісі төрт жылда төрт есеге артып, 963 млн долларға жетті. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанада өткен «FОС 2026: Fats and Oils Conference» халықаралық конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан әлемдегі күнбағыс майын экспорттайтын ірі 8 елдің қатарына кіреді. Өткен жылы сала 963 млн доллар валюталық түсім әкелді. Алдағы уақытта сала мамандары әлемдік ТОП-3 экспорттаушы қатарына енуді жоспарлап отыр.

«FOC 2026: Fats and Oils Conference» конференциясын Қазақстанның Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы (МДҚӨҰҚ) ұйымдастырды. Іс-шара Ауыл шаруашылығы министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ қолдауымен өтті. Конференцияға 330-дан астам делегат қатысты, оның ішінде 50-ден астам отандық май өңдеу зауыттарының басшылары, министрліктер мен қаржы институттарының өкілдері, агрохолдингтер, импорттаушылар, жабдық жеткізушілер, логистикалық компаниялар мен талдау агенттіктері болды.

Серік Жұманғариннің айтуынша, май өнімдері саласы аграрлық сектордың бір сегментінен ұлттық экономиканың стратегиялық бағытына айналды. «Тек соңғы төрт жылда май өнімдері экспортының валюталық түсімі төрт есе өсіп, 240 млн доллардан 963 млн долларға жетті. Өндіріс көлемі 1,57 миллион тоннаға жетіп, саланың өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортындағы үлесі 27 пайызды құрады. Бұл – мемлекеттік саясаттың нәтижесі», – деді вице-премьер.

Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде алтыншы орында, ал Қытай нарығына бұл өнімді жеткізуші екінші ел. Сондай-ақ еліміз Еуропалық одаққа күнбағыс күнжарасын жеткізетін жетекші мемлекеттердің бірі және Орталық Азия елдерінің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Отандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады, негізгі импорттаушылар – Қытай, Орталық Азия, Еуропалық одақ елдері, Норвегия, Ауғанстан және Иран.

МДҚӨҰҚ Басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, май секторы экономикалық өсудің басты драйверіне айналды. Былтыр күзде алғаш рет күнбағыс майы Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясына флекситанкадағы контейнерлермен жөнелтілді. Биыл Ақтау портында алғаш рет өсімдік майы кемеге тиелді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ қолдауымен Қытай бағытына Достық-Алашанькоу өткелі арқылы түйіршектелген күнбағыс күнжарасын сынамалық жеткізу басталды.

Ұқсас жазбалар

Салық төлеуді кейінге қалдырғандар ұтты: зейнетақы жинағынан салық алынбайды

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-дан төленетін қаражатқа жеке табыс салығы салынбайды. Бұрын төленген салық…

Екібастұзда деректер орталығының құрылысы басталды

Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтары алқабын салу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта учаске қоршалып, аумақты жоспарлау және…

Емхана қызметкері болып хабарласқан алаяқтардан сақ болыңыз

Ел тұрғындарына дәрігердің қабылдауына жазылуға қатысты алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескерту жасалды.