Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда мемлекеттік еңбек инспекциясының жұмысына әуе мониторингі, инновациялық дрондар және интеллектуалды бейнеаналитика енгізіледі. Бұл жаңа технологиялар өндірістік кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Дрондар биікте орналасқан нысандарды бақылауға көмектеседі. Ал интеллектуалды бейнеаналитика өндірістегі заңбұзушылықтарды нақты уақыт режимінде анықтайды.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметовтің айтуынша, аталған бағытта бірыңғай цифрлық контур қалыптастыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде елдегі 2 мыңнан астам ірі өнеркәсіптік кәсіпорын автоматтандырылған.
«Бірыңғай цифрлық контурдың мақсаты – уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректерді біріктіріп, тәуекелдерді алдын ала болжау. Министрлік бұл бағытта практикалық жұмысты бастап кетті. Атап айтқанда, өндірісті басқарудың ішкі жүйелерін «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» ақпараттық жүйесімен біріктірудің ұйымдастырушылық және техникалық аспектілері пысықталып жатыр», деді ол.
Айта кетейік, бүгін, 27 қыркүйекте елімізде Еңбек күні аталып өтіліп жатыр. Мемлекет басшысы ел азаматтарын айтулы мерекемен құттықтады.
