Қоғам

Мәскеу – Астана рейсінде тәртіп бұзған шетелдік 12 тәулікке қамалды

Сурет: ашық дереккөз

Мәскеу – Астана бағытындағы ұшақта қоғамдық тәртіпті бұзған 36 жастағы шетел азаматы 12 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Әуе кемесі Астана әуежайына қонған соң ер адам көліктегі полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.

«Ол әуе кемесі экипажының талаптарын орындамай, басқа жолаушылардың ар-намысына тиетін балағат сөздер айтқан», деді көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов.

Шетелдікке бірден бірнеше құқықбұзушылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ол ұсақ бұзақылық жасаған, қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкен немесе масаң күйде болған, сондай-ақ әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзған.

Сот шешімімен ер адам 12 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар оның бұған дейін де, бір жыл ішінде алкогольдік ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Көліктегі полиция департаменті әуе кемесінің борты жолаушылардың қауіпсіздігі мен тәртібін қатаң сақтауды талап ететін орын екенін ескертті. Экипаж талаптарына бағынбау және агрессивті мінез-құлық заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеледі.

Көп оқылғандар