Жайық news

Көлік жобаларын іске асыру міндеттерін айқындады

Сурет: Жайық Пресс

Оралда Көлік министрлігінің басшылығы Батыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық компаниялар, мердігер және салалық ұйымдардың қатысуымен негізгі автомобиль жолдары мен теміржол жобаларының іске асырылу барысы қаралды, проблемалық мәселелер белгіленіп, оларды шешу шаралары айқындалды.

Теміржол бағытында Индербор – Орал учаскесінің құрылыс перспективаларына ерекше назар аударылды. Жаңа желі облыс орталығымен тікелей теміржол байланысын қамтамасыз етіп, батыс өңірлердің көліктік байланысын арттырып, кен орындарын игеруге қосымша мүмкіндіктер жасауы тиіс. Жауапты ұйымдарға жобаны пысықтауды жалғастырып, одан әрі іске асыру бойынша келісілген ұсыныстар дайындау тапсырылды.

Автомобиль жолдары бағытында Атырау – Орал трассасының жөндеу барысы қаралды, биыл жалпы ұзындығы 180 шақырымды құрайтын учаскелерде жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ республикалық және жергілікті жол желісін дамыту, автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту және шекара маңы инфрақұрылымы мәселелері тыңдалды. Мердігер ұйымдарға жұмыс қарқынын арттыру, кестелерді қатаң сақтау және құрылыс сапасын қамтамасыз ету тапсырылды.

Кеңес қорытындысы бойынша әр бағыт бойынша жауапты орындаушылар мен алдағы міндеттер айқындалды. Рәсімдердің созылуы, мерзімдердің бұзылуы және жобаларды іске асыруға формальды қарауға жол берілмейтіні атап өтілді. Министрлікке, әкімдікке және салалық ұйымдарға үйлесімді жұмыс пен нақты нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Көп оқылғандар