Әлем

Кенияда Қазақстанның цифрлық мемлекеттік қызмет моделі таныстырылды

Сурет: ашық дереккөз

Кения мемлекеттік басқару мектебінде (KSG) оза басқару мен мемлекеттік сектордың цифрлық трансформациясына арналған VI стратегиялық семинар өтті. Іс-шараға Астана мемлекеттік қызмет хабы Африка мемлекеттік басқару және менеджмент қауымдастығымен (AAPAM) әріптестік аясында Қазақстан тәжірибесін таныстырып, білім алмасуға үлес қосты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Халықаралық семинарды AAPAM мен KSG Хаб және Кенияның Ұлттық зерттеу қорымен (NRF) бірлесіп ұйымдастырды. 14 елден 160-қа жуық мемлекеттік қызметші, сарапшы және зерттеуші қатысып, оза басқару, жүйелі ойлау және цифрлық технологиялардың мемлекеттік секторды трансформациялаудағы рөлін талқылады.

Ашылу салтанатында AAPAM президенті Дж. Накабао, KSG директоры Н. Мохамед, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Бекіш, сондай-ақ Африка мен Еуропа елдерінің және халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.

Ұлан Бекіш Қазақстанның мемлекеттік қызметіндегі персоналды басқарудың интеграцияланған цифрлық жүйесі – e-HR (e-Qyzmet) платформасын таныстырды. Ол платформаның кадрлық процестерді жаңғыртып, кадр рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз еткенін, конкурстық іріктеуді оңтайландырып, адами ресурстарды объективті деректерге сүйеніп басқаруға көшуге ықпал еткенін айтты. Қатысушылар Қазақстан моделіне, әсіресе оны енгізу және практикада қолдану барысына қызығушылық білдірді.

Астана мемлекеттік қызмет хабының сарапшысы Гүлімжан Сүлейменова Хаб қызметімен таныстырып, Қазақстанның мемлекеттік қызмет институттары мен халықаралық ұйымдар арасындағы серіктестік пен тәжірибе алмасуды дамытудағы рөлін атап өтті. Мемлекеттік институттарға сенімді қалпына келтіруде әдеп пен есептіліктің маңызына арналған сессияда ол: «Мемлекетке деген сенім бағдарламалық кодтан немесе алгоритмдерден емес, түсінікті қағидалардан, ашықтық пен есептіліктен басталады» деді.

Семинарға қатысу – Хабтың мемлекеттік қызмет пен цифрлық трансформация саласындағы Қазақстан тәжірибесін әлемге таныту, сондай-ақ африкалық мемлекеттік басқару институттарымен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жүйелі жұмысының жалғасы.

Еске салайық, Мемлекет басшысы ауқымды цифрландыру стратегиясын бекітті.

Көп оқылғандар