Сурет: primeminister.kz
Денсаулығына байланысты ХҚО-ға бара алмайтын азаматтар мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ ала алады. Енді «Азаматтарға арналған үкімет» маманы көрсетілген мекенжайға барып, қажетті қызметтерді рәсімдеуге көмектеседі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Үй жағдайында қызмет көрсету I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, сондай-ақ ауыр науқастар мен тасымалдауға келмейтін жандарға тегін көрсетіледі. Маман үйге барып, ЭЦҚ рәсімдеуге, тұрғын үй көмегіне құжат тапсыруға, анықтама алуға және басқа да мемлекеттік қызметтерді алуға жәрдемдеседі.
«Маман шақыру үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтындағы «Қызметтер» бөлімі арқылы өтінім қалдыруға немесе 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қажетті құжаттар үйден қабылданып, дайын нәтиже азаматтың тұрғылықты мекенжайына жеткізіледі», делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, жыл басынан бері мамандар 12 мыңға жуық шақыртуға барып, үй жағдайында 9 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен.
Еске сала кетейік, елімізде жүргізуші куәлігі мен көлік нөмірін үйге тапсырыспен алуға болады.
