Қоғам

Граффити үшін жаза күшейтіледі

Сурет: ашық дереккөз

Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов тұрғын үйлер мен өзге де қоғамдық ғимараттарға жазу жазып, сурет салғандарға қатысты тиісті жаза қабылданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министр вандализм мен қоғамдық кеңістіктерді бүлдірген адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін заңнаманы жетілдіру қажеттігін айтып, ведомствоның ұсынысын жеткізді.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсыныспен келісіп, Ішкі істер министрлігіне тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

«Ішкі істер министрлігіне вандализм мен бұзақылықтың алдын алу мақсатында қоғамдық орындарға зиян келтіретін граффитидің барлық түріне толық тыйым салу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу қажет», деді ол.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттардың қабырғаларын граффити деп аталатын суреттермен бүлдіріп жүрген адамдарға қатысты қатаң жазаны қабылдауды тапсырған болатын.

Сондай-ақ Астанада белгісіз адамдар LRT вагондарын бояп кеткені белгілі болды. Оқиға бойынша іс полицияға беріліп, вагондардағы жазуларды арнайы құралдардың көмегімен тазалауға тура келген.

Көп оқылғандар