Сурет: gov.kz
«Жасыл даму» АҚ мен Sparklo компаниясы елде пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинайтын фандоматтар желісін бірлесіп дамытуда. Бүгінге дейін тұрғындар осы құрылғылар арқылы қайта өңдеуге 5 миллионнан астам бөтелке мен банка өткізген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бағдарламаға 100 мыңнан астам адам қатысқан. Жоба қалдықтарды бөлек жинау жүйесін дамытуға бағытталған және Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының мақсаттарына сай келеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Астана, Алматы, Көкшетау, Ақтөбе және басқа да қалаларда 46 фандомат орнатылған. Олар сауда орталықтарында, кеңселерде, мектептерде және қоғамдық орындарда, соның ішінде Астананың Орталық саябағында орналасқан. Бұл тұрғындарға бөтелке мен банкаларды жұмысқа бара жатқанда, сауда жасау немесе серуендеу кезінде ыңғайлы тапсыруға мүмкіндік береді.
«Фандоматтар машиналық оқыту технологиясының көмегімен пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды автоматты түрде таниды. Тапсырылған ыдыс үшін пайдаланушылар Sparklo мобильді қосымшасында ұпай жинайды. Жиналған ұпайларды бағдарлама серіктестері ұсынатын жеңілдіктер мен бонустарға айырбастауға болады. Мұндай ынталандыру жүйесі тұрғындарды қалдықтарды бөлек жинауға тұрақты қатысуға ынталандырады», делінген хабарламада.
Желіні дамытуға қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау операторы Zero Waste компаниясы да қатысып отыр. Оның қатысуымен 9 фандомат орнатылды. Тағы 5 фандоматты жергілікті серіктеспен бірлесіп Ақтау қаласында орналастыру жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта «Жасыл даму» АҚ мен Sparklo жобаның географиясын кеңейтіп, фандоматтар санын арттыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Sparklo – халықаралық технологиялық компания, БАӘ-де құрылған. Компания пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинауға арналған фандоматтарды әзірлеп, өндіреді және пайдаланушыларды ынталандыру жүйесін дамытады. Қазақстандағы Sparklo компаниясының өкілі – «Sparklo Kazakhstan» ЖШС.
Еске салайық, «Таза Қазақстан» бастамасы азаматтардың жауапкершілігін арттырып, жаңа қоғамдық этиканы орнықтыратын нақты тетікке айналып отыр.
