Сурет: Polisia.kz
Жыл басынан бері елімізде есірткі жарнамасына байланысты 74 қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрлігі есірткіні насихаттау мен заңсыз жарнамалау фактілерін анықтау және жолын кесу бағытында тұрақты жұмыс атқарып келеді. Жылдың сегіз айында ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша 74 қылмыстық іс қозғады.
Есірткі жарнамасының интернетте, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде, сондай-ақ граффити, хабарландырулар және QR-кодтар арқылы таралуына айрықша көңіл бөлінеді. Мұндай схемаларға жастарды «оңай табыс» уәдесімен тарту әрекеттері жиі кездеседі. Оларға жазулар салу және есірткі дүкендеріне сілтемелерді тарату үшін ақы ұсынылады.
«Мұндай әрекеттер қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, ал саралау белгілері болған жағдайда жаза үш жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырады», деп ескертті министрлік.
Полиция әкімдіктермен, білім беру ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктермен және волонтерлермен бірлесіп, профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өткізіп келеді. Анықталған есірткі граффитилері мен заңсыз жарнаманың өзге де түрлері жойылады. Сонымен қатар оларды орналастыруға қатысы бар адамдар анықталып жатыр.
ІІМ азаматтарды есірткі жарнамасының анықталған фактілері туралы полицияға хабарлауға шақырады. Оның таралуын тоқтату және жастардың есірткі қылмыстарына тартылуына жол бермеу жұмыстары тұрақты негізде жалғасады.
Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен балаларға үндеу жасады.
