Сурет: Ақорда
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің дәстүрлі форумында Мемлекет басшысы ел дамуы, ұлттық мүдде, мемлекеттік басқару және заң үстемдігі жөнінде бірқатар маңызды мәселені көтерді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Вице-президент Ерлан Қарин Президент сөзінен өзі ерекше мән берген он тұжырымды жариялады.
«Бүгін ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің дәстүрлі форумы өтті. Жиында осы стратегиялық маңызы зор саланың өзекті мәселелері және оны шешу жолдары талқыланды. Ауылды, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру – Президенттің ұдайы назарындағы мәселелер. Мемлекет басшысы бүгінгі және болашақтағы күн тәртібіне қатысты бірқатар тақырып бойынша өзінің берік ұстанымын білдірді. Осы орайда, Президентіміз бүгін сөйлеген сөзінде айтқан, менің ойымша, маңызды он тұжырымды назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім», дейді Вице-Президент Ерлан Қарин.
Тұжырымдардың біріншісі — «Құрылыс және тағы да құрылыс». Бұл, Президенттің айтуынша, тұрақсыз әлем сын-қатерлеріне лайықты жауап және мемлекет пен әр азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұтымды жолы.
Сондай-ақ «Халықтық құрылыс» бағдарламасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау және жаңа құндылықтарды орнықтыру — үлкен жолдың басы ғана екені атап өтілді.
Президент елімізді дамыту жөнінде орта және одан кейінгі мерзімге арналған нақты жоспарлары бар екенін, ал Егемендік пен Тәуелсіздікке қатысты мәселелердің толық шешімін тапты деп айтуға әлі ерте екенін білдірді.
Мемлекетшіл тұлғалар қажеттігі, халық пен мемлекет игілігі үшін қызмет етудің зор мәртебе екені, бұл міндетке салғырт қарау ұлттық мүддеге нұқсан келтіретіні айтылды.
Кешегі жетістіктер емес, бүгінгі нақты қызмет бағалануға тиіс. Лауазымды тұлғалардан жеке тәртіпке мән беріп, адал әрі жинақы болу, мемлекет мүддесін биік қою талап етіледі.
Басшылар конституциялық құндылықтарды берік ұстанып, Әділетті Қазақстан құру идеясына адал болуға тиіс. Жоғары марапат, сапалы білім, мол тәжірибе ешкімге заң алдында артықшылық бермейді және солай болып қала беруге тиіс.
Конституцияда бекітілген «Заң мен Тәртіп» қағидаты барлық азаматқа бірдей қолданылады. Сонымен қатар азаматтардың табысы мен әл-ауқаты жекелеген тұлғаларға емес, орнықты институттарға байланысты болатын мемлекет құрылып жатыр.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөз сөйледі. Президент саланы дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.
Мазмұнға өту
