Сурет: Egemen Qazaqstan
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте жұмыссыз азаматтар мен NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері мен өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыз азаматтардың басым санаттарын жұмыспен қамту жоспарының орындалу нәтижелерін ұсынды. Қазіргі уақытта 8,4 мың адам жұмысқа орналасып, 12 мыңға жуық азамат жұмыссыздар есебінен шығарылған.
Ведомство жұмыспен қамту қызметтерінің қолжетімділігін арттыру үшін жаңа тәсілдерді ұсынды. Павлодар облысында жасанды интеллект негізіндегі Цифрлық жұмыспен қамту қызметінің пилоттық жобасы іске қосылды. Жасанды интеллект азаматтар туралы деректерді талдап, Telegram-бот арқылы сәйкес бос жұмыс орындарын, оқу бағдарламаларын және басқа да қолдау шараларын ұсынады. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал санаттарымен жұмыс істеуге арналған мансап орталықтарының бірыңғай әдістемесі бекітілді. Бұл әрбір азаматқа жеке тәсіл қолдануды және жұмысқа орналасқанға дейін қолдау көрсетудің нақты алгоритмін қамтиды.
Жиында Халықты жұмыспен қамту жоспарының орындалу нәтижелері де қаралды. Қазір жоспар 46 пайызға орындалған. Биыл 548 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Мансап орталықтарының қызметін азаматтардың сұранысына бейімдеу жалғасуда. Негізгі міндет – жұмыс іздеушілерге қызмет көрсетудің барлық кезеңінде жеке қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу.
NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. «Отбасының цифрлық картасы» платформасының дерегі бойынша еңбекпен, білім алумен немесе өзге де қызметпен қамтылмаған жастардың саны 6,7 пайызға азайған. Ең жоғары төмендеу көрсеткіші Түркістан облысында тіркеліп, 31,5 пайызды құрады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, мұндай оң нәтижеге жастар ресурстық орталықтарының жүйелі және нысаналы жұмысы мен «Жасыл ел» жобасын іске асыру арқылы қол жеткізілген. Ведомство жобаны жыл бойы жүзеге асырылатын форматқа көшіріп, жастар еңбек жасақтарының қызмет бағыттарын кеңейтуді ұсынды.
Кеңес барысында «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу қорытындылары да қаралды. Жоғары оқу орындарында еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау және қажет болған жағдайда оларды қайта оқыту қажеттігі айтылды.
Техникалық және кәсіптік білім саласында дуальды оқыту жүйесі жоғары тиімділік көрсетіп отыр. Колледж түлектерінің 71,9 пайызы алған мамандығына сәйкес жұмысқа орналасқан. Жұмыспен қамту көрсеткіштері орташа республикалық деңгейден төмен өңірлердегі жағдай жеке қаралды. Маңғыстау облысына ерекше назар аударылып, Премьер-министрдің орынбасары өңір жастарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің арнайы тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.
Жиынды қорытындылаған Аида Балаева жұмыссыз азаматтармен және NEET санатындағы жастармен нысаналы жұмысты күшейтіп, оларды жұмысқа орналасқанға дейін тұрақты сүйемелдеуді тапсырды. Педагогтер мен медицина қызметкерлерін жұмыспен қамту мәселелері бойынша да жеке тапсырмалар берілді. Бейінді мемлекеттік органдарға аталған мамандардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін қосымша тетіктерді әзірлеу міндеті жүктелді.
Мазмұнға өту
