Спорт

Дидье Дешам Испанияға қарсы ойында төрешілер жұмысына наразылық білдірді

Сурет: Anadolu

Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам әлем чемпионатының жартылай финалында Испаниядан 2:0 есебімен жеңілгеннен кейін бас төрешіні сынға алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Дешам төреші Иван Бартонның мұндай деңгейдегі матчқа лайықтылығына күмән келтірді. Ол пенальтидің дұрыс екенін мойындағанымен, бірнеше даулы эпизодтарға назар аудару керектігін айтты.

«Егер бірдеңе айтсам, жеңілген соң сылтау іздеп отырған адам сияқты көрінемін. Бірақ өздеріңіз айтыңыздаршы, бұл төреші әлем чемпионатының жартылай финалын басқаруға лайық па? Пенальти болды, бірақ мәселе тек онда емес. Бірнеше эпизодқа назар аударсақ, сұрақтар туындайды. Менің төрешіге жеке өкпем жоқ, алайда осыны ойлану керек», — деді Дешам.

Матчтың 22-минутында Франция қорғаушысы Люка Динь Ламин Ямальға қарсы ереже бұзғаннан кейін Испанияның пайдасына пенальти белгіленді. Сондай-ақ төреші Ямальдың Килиан Мбаппеге қарсы тәртіп бұзушылығын елемеді деген пікірлер бар.

Испания құрамасының бас бапкері Луис де ла Фуэнте әріптесінің пікірімен келіспей, төрешінің кәсіби деңгейіне күмән келтіруге негіз жоқ екенін атап өтті. Испания Францияны қатарынан үшінші рет жеңіп отыр.

Әлем чемпионатының финалы 19 шілдеден 20 шілдеге қараған түні өтеді. Испания финалда Англия мен Аргентина арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі.

Көп оқылғандар