Қоғам

Дарбаза – Мақтаарал теміржолы: құрылыс 98%-ға аяқталды

Сурет: Көлік министрлігі

Дарбаза – Мақтаарал бағытындағы теміржол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жұмысшылар негізінен жер қазу, рельс төсеу және жасанды құрылыстар салуға жұмылдырылған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінге дейін 13,2 млн текше метр жер жұмысының 12,9 млн текше метрі, яғни 98 пайызы атқарылды. Базаларда 142 шақырым рельс-шпал торы жинақталып, оның 105,6 шақырымы учаскеге төселді. Бұл жоспардағы көлемнің 61 пайызын құрайды.

Жасанды құрылыстар да қарқынды салынуда. 129 су өткізу құбырының 124-і (96 пайызы) монтаждалды. 29 көпірдің құрылысы бітті, тағы төрт нысанда жұмыс жалғасуда. Құрылысқа 977 техника мен 1 815 жұмысшы тартылған.

Қазан айында негізгі жолдарға жер төсемі мен рельс-шпал торын төсеу аяқталып, теміржол түйістіріледі деп жоспарлануда. Жаңа желі бойынша жұмыс қозғалысын жыл соңына дейін ашу көзделген.

Ұзындығы 127,6 шақырым болатын Дарбаза – Мақтаарал теміржолы елдің оңтүстігіндегі маңызды инфрақұрылымдық жоба саналады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып, Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған.

Жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша халықаралық теміржол бағытын құруға, жүктемесі жоғары Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі салмақты азайтуға, желінің өткізу қабілетін арттыруға және Орталық Азия бағытындағы транзиттік тасымал мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.

Көп оқылғандар