Жайық news

БҚО полициясы тұрғындарды телефон алаяқтығының жаңа тәсілі туралы ескертеді

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті аймақ тұрғындарын телефон алаяқтығының жаңа тәсілі туралы ескертеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС мәліметінше, соңғы кездері белгісіз адамдар электр энергиясын есепке алу аспаптарын ауыстыру, тексеру немесе бақылау сылтауымен тұрғындарға қоңырау шалып, SMS-хабарламада келген растау кодын немесе жеке деректерін сұрайтын жағдайлар жиілеген.

20 шілдеде Батыс Қазақстан облысының тұрғыны осындай алаяқтықтың құрбаны болды. Белгісіз адам өзін электр желілеріне қызмет көрсететін ұйым қызметкері ретінде таныстырып, электр есептегішті тексеру қажеттігін айтып, әйелді өтінімді ресімдеу үшін SMS-тен келген кодты айтуға көндірген. Біраз уақыттан кейін зардап шеккенге тағы да қоңырау шалған.

Бұл жолы алаяқтар бұрын айтылған код алаяқтардың қолына түскенін, олар оның атына несие рәсімдеуге тырысып жатқанын мәлімдеген. «Ақшаны құтқару» сылтауымен әйелді өз бетінше несие рәсімдеп, алған ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндірген. Қылмыскерлердің нұсқауын орындап, ол ірі көлемдегі ақшасынан айырылған.

Осыған байланысты полиция еске салады: SMS-тен келген растау кодтарын бөгде адамдарға ешқашан айтпаңыз; жеке деректеріңізді, банк карталарының деректемелерін және қауіпсіздік кодтарын бермеңіз; әңгіме күмән тудырса, оны дереу тоқтатып, ұйымға ресми телефон нөмірі арқылы өзіңіз хабарласыңыз; электр энергиясын өшіру, айыппұл салу немесе қандай да бір әрекетті шұғыл орындау талаптары сияқты қорқытуларға сенбеңіз; ақша аудару қажет «қауіпсіз» немесе «қорғалған» шоттардың жоқ екенін есте сақтаңыз.

«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС ресми түрде көппәтерлі тұрғын үйлерде электр есептегіштерін телефон арқылы өтініш бойынша ауыстырмайтынын, SMS-кодтарды сұрамайтынын және есепке алу аспаптарын ауыстыру кезегін телефон қоңыраулары, мессенджерлер немесе өзге де қашықтықтан байланыс тәсілдері арқылы қалыптастырмайтынын хабарлайды. Барлық жұмыстар тек ресми хабарламалар негізінде және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

Көп оқылғандар