Жайық news

БҚО мәслихаты «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының жоспарына өзгерістер енгізді

Сурет: Жайық Пресс

Облыстық мәслихаттың 26-шы сессиясында бюджет, жаңа құрылыс нысандары, аумақтарды абаттандыру, экологиялық мәдениет және халықты әлеуметтік қолдау мәселелері қаралды. Сессияны Мұрат Мұқаев жүргізді, оған облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов қатысты.

Сессия жұмысына депутаттар мен мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселелер алдын ала облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралды, депутаттар ұсыныстарын білдіріп, қажетті түсініктемелер алды.

Негізгі мәселелердің бірі — 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп және облыс әкімдігінің есебі. Сондай-ақ депутаттар «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімге өзгерістер енгізді.

Инфраструктураны дамытуға қатысты бірқатар шешім қабылданды. «Кілт тапсыру» шартымен салынатын нысандар тізіміне Зашаған кентіндегі Ақжайық шағынауданында 250 келуге арналған емхана және 12 мың көрерменге арналған стадион енгізілді.

Депутаттар «Батыс Қазақстан облысының (қаласының, ауданының) Құрметті азаматы» атағын беру қағидаларын бекітіп, облыстағы қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын қабылдады.

Экологиялық мәдениетке қатысты «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жоспарына (2024-2029 жылдар) және зираттарды көму мен күту жұмыстарын ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Әлеуметтік қолдау шаралары аясында емханалық емдеу кезінде жекелеген санаттағы азаматтарға тегін берілетін медициналық бұйымдар тізіміне есту аппараттары қосылды. Сессия барысында депутаттар сауалдар жолдап, оларға жауап алды.

Қаралған мәселелер облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, елді мекендер инфрақұрылымын жақсартуға, қалалық орта сапасын арттыруға және халықты әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтуге бағытталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Көп оқылғандар