Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысының спортшылары Жезқазғанда өткен Қазақстан чемпионатында жоғары деңгейін тағы да дәлелдеді. Байдарка мен каноэдегі жарыста облыс командасы 15 медаль жеңіп алып, үздік үштікке енді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
28 шілде мен 2 тамыз аралығында өткен додаға еліміздің он өңірінен 148 спортшы қатысты. БҚО құрамасы үш алтын, жеті күміс және бес қола жүлдені қанжығасына байлады. Никон Дергунов жеке сында байдарка-дарада 500 метр қашықтықта күміс, 200 метрде қола алды. Данил Чкалкинмен бірге К-2 сыныбында 1000 метрге жүзуден ел чемпионы атанды, сондай-ақ 500 және 200 метрде тағы екі жүлдеге ие болды. Надежда Пережогина каноэ-дарада 5000 метр қашықтықта чемпион атанды.
Егор Юртаев пен София Зубенко аралас экипажда С-2 mix сыныбында қола жүлдегер атанды. К-4 командалық жарыста Данил Чкалкин, Никон Дергунов, Алексей Борисов және Денис Астафьев күміс алды. Облыстық федерацияның президенті Юрий Казаниннің айтуынша, құраманың барлық мүшесі өз сыныбында финалға шыға алғаны маңызды жетістік.
– Жеке сындағы жоғары нәтижелерге қарамастан, жалпы командалық есепте үшінші орындамыз. Алда жыл бойы суда жаттығу мүмкіндігі бар өңірлер тұр. Бізде өзендер ерте қатады, сондықтан оқу-жаттығу жиындарының санын арттырғанда ғана ескекшілеріміздің әлеуетін толық іске асыра аламыз, – деді Юрий Казанин.
Ол батысқазақстандық спортшылардың халықаралық аренада да бәсекеге қабілетті екенін атап өтті. Жақында өткен Азия чемпионатында облыс өкілдері төрт медаль жеңіп алды, Мария Бровкова мен Никон Дергунов алтын жүлдегер атанды. Алдағы уақытта спортшылар Азия ойындарында сынға түседі. Сонымен қатар аймақта спорт инфрақұрылымы жаңғыртылуда. Юрий Казаниннің сөзінше, қазір спорт мектебінде күрделі жөндеу жүріп жатыр: заманауи шешінетін бөлмелер, жылы санитарлық тораптар жабдықталып, аумақ абаттандырылуда. БҚО дамуының үш жылдық жоспарына байдарка мен каноэден мамандандырылған жаңа спорт мектебінің құрылысы енгізілген.
– Нәтиже бар, ең бастысы – бізді қолдау керек. Сонда дайындық мүмкіндіктері артады, ал онымен бірге спортшыларымыздың жеңістері де көбейеді, – деп түйіндеді федерация жетекшісі.
Батыс Қазақстан облысында ескек есу спортының тарихы жеті онжылдықты қамтиды. Ол 1956 жылы бастау алған, осы уақыт ішінде аймақ Қазақстанды ірі халықаралық жарыстарда лайықты танытқан бірнеше буын спортшыны тәрбиеледі. Жас ескекшілердің жаңа жетістіктері бұл мектептің климаттық шектеулерге қарамастан еліміздегі ең мықтылардың бірі болып қала беретінін көрсетеді.
Мазмұнға өту
