Жайық news

БҚО-дағы діни бірлестіктер «Қауіпсіз өңір» жобасына қосылады

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының төрағалығымен және облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Мендиғалиевтің қатысуымен «Заң және тәртіп: діннің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, дәстүрлі діни бірлестіктер мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Облыс прокуроры жиынды аша отырып, қылмыс деңгейін төмендету және құқық бұзушылықтың алдын алу мемлекет, қоғам және бизнес күштерін біріктіргенде ғана мүмкін екенін атап өтті. Ол «Қауіпсіз өңір» жобасының нәтижелерін мысалға келтірді: жоба аясында 12 аула абаттандырылып, 300 бейнебақылау камерасы орнатылып, 17 көше мен 6 мектепке баратын жолдар жарықтандырылған. Бұл қылмыс деңгейін 18%-ға төмендетуге мүмкіндік берген.

Осы тәжірибеге сүйене отырып, қатысушылар әрі қарайғы жұмыс үшін жаңа ресурсты талқылады. Қазіргі уақытта облыста 8 конфессияның 96 діни бірлестігі жұмыс істейді, олар 300 мыңнан астам келушілерді біріктіреді. Бұл маңызды бастамалар мен профилактикалық жұмыстарды жүзеге асыру үшін елеулі әлеуетті құрайды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша облыс прокуратурасының дәстүрлі діни бірлестіктердің «Қауіпсіз өңір» жобасына қатысуын кеңейту жөніндегі бастамасы қолдау тауып, «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілету бойынша ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды.

Көп оқылғандар