Жайық news

БҚО-да жолаушылар автобусы өртеніп, 37 адам эвакуацияланды

Сурет: Видеодан скринделген

Батыс Қазақстан облысында жолаушылар автобусы өртке оранды. От тұтанған кезде автобус ішіндегі 37 адам қауіпсіз жерге шығып үлгерді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға 8 тамыз күні кешке Теректі ауданындағы Самара – Шымкент тасжолының Шалқар көліне бұрылатын тұсында болды.

Әлеуметтік желіде автобустың жалынға оранған бейнежазбасы тарады. Видео авторы автобустың Қаратөбе – Орал бағытымен келе жатқанын айтты.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, автобуста 37 жолаушы болған. Олардың барлығы өздігінен қауіпсіз жерге эвакуацияланған.

«Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт толық сөндірілді. Оқиға орнына БҚО ТЖД-ның 8 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды», деп хабарлады ведомство.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада автобустың қозғалтқышынан өрт шыққан болатын.

Көп оқылғандар