Жайық news

БҚО-да «Жер ырысы-2026» агрофестивалі басталды

Сурет: Жайық Пресс

Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылында V «Жер ырысы-2026» агрофестивалі басталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Екі күндік шараға 40-тан астам отандық және шетелдік компания қатысуда. Агрофестиваль аясында өңір аграрийлері ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерімен, заманауи агротехнологиялармен танысып, ветеринария және өсімдік қорғау мәселелері бойынша жетекші сарапшылардан кеңес алады.

Ашылу салтанатында сөйлеген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің ел аграрлық секторындағы маңызды рөлін атап өтіп, мемлекеттік қолдау нәтижелерін жеткізді. Соңғы үш жылда облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға 190 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Қаржыландыру мен озық әдістерді енгізудің арқасында биыл облыстағы жекелеген шаруашылықтар күздік бидайдың гектарына 100 центнерден астам өнім алуда.

Қазіргі уақытта өңірде қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда.

Көп оқылғандар