БҚО-да «Ұлы өнердің ұлы арнасы» атты республикалық байқау өтті.

Қасиетті домбыраның үнімен дүйім жұртты тәнті еткен республикалық домбырашылар байқауының күй астанасы ауданымызда өткені мерейімізді одан әрі асыра түсті.
Өнер мерекесінің екінші күні Көпжасар ауылындағы Дина Нұрпейісова атындағы мектепте жалғасты. Мұнда белгілі қобызшы Ақнар Тәттібайқызының қатысуымен өткен шеберлік сағаты жиналған қауымды киелі аспаптың сиқырлы әлеміне жетеледі. Ақнар Тәттібайқызы қобыздың терең болмысы мен қос ішектің арасына жасырынған ұлттық кодтың мән-мағынасын ашты. Тұла бойды шымырлатқан қобыз үнінен соң, ауылдың жас қобызшылары да өз өнерлерін көрсетіп, атадан қалған асыл мұраның үзілмейтінін дәлелдеді.
Шара аясында меймандар мектеп қабырғасындағы Дина Нұрпейісова мұражайына саяхат жасады. Күй анасының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін құнды, тарихи жәдігерлер мен бұйымдар қонақтардың рухын асқақтатып, өткен тарихқа тағы бір мәрте тағзым еткізді.
Осы уақытта үлкен сахнада «Әсем қоңыр» республикалық байқауының көрігі қызып жатты. Еліміздің әр өңірінен ағылып келген үміткерлер екі кезеңнен тұратын дүбірлі додада бақ сынасты. Астана мен Алматы қалаларынан арнайы шақырылған, елімізге белгілі өнер майталмандарынан құралған қазылар алқасының алдында өнер көрсету үміткерлерге оңайға түскен жоқ. І кезңде қатысушылар міндетті түрде «Меңдіқара», «Динаның бұлбұлы», «Жігер» сынды күрделі шығармаларды және бекітілген 12 күйдің ішінен қазылар алқасының таңдауымен тағы бір күйді орындап шықты. Ал ІІ кезеңде үміткерлер өздері таңдаған Дина Нұрпейісованың міндетті 3 күйін және алдын ала берілген Мәмен, Оқап, Құрманғазы туындыларының бірін қазылар алқасының сұрауы бойынша жоғары шеберлікпен нақышына келтірді.
Шараның ең толқынысты сәті — бақ пен бап сыналған доданың жүлдегерлерін анықтау сәті болды. Бұл тек марапат қана емес, өнерпаздардың таланты мен ерен еңбегінің жемісі еді.
Сахна төрінде шығармашылық серпін берген 50 мың теңге және алғысхатпен Бекзат Рамазан (Орал), Мұхамедияр Таңатаров (Орал) және Өтесін Пазылбеков (Алматы) марапатталса, 100 мың теңге көлеміндегі «Дипломант» жүлдесі Орал қаласынан келген Рахман Қойшекенге бұйырды.
Күй құдіретін жете түсініп, жүлделі ІІІ орынды (150 мың теңге) Сырым Шонбаев (Жамбыл облысы), Айша Жанайдқызы (Орал) және Наргиза Касумова (Орал) өзара бөлісті. Зор шеберлік танытып, ІІ орынның (200 мың теңге) биігінен көрінгендер қатарында Райымбек Тарихов (Орал), Дана Дидар (Астана) және Қымбат Ғабдуллина (Астана) болды.
Дүбірлі додада озып шығып, І дәрежелі диплом мен 300 мың теңгенің ақшалай сертификатын қанжығасына байлаған қос мықты — Қызылорда облысынан келген Бекнұр Әбдижәли мен Алматы қаласының намысын қорғаған Жұлдызай Кенгесбаева көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Ал осынау айтулы өнер бәйгесінің ең биік шыңы — Бас жүлде болып, Орал қаласының тумасы, дүлдүл домбырашы Әділет Жолдығали 500 мың теңгелік қомақты сыйлықты иеленіп, байқаудың абсолютті жеңімпазы атанды.
Буырқанған бұлақтай тасыған күй өнерінің бұл күнгі салтанаты қазылар алқасының төрағасы Айтжан Тоқтаған бастаған әділ қазыларға деген ерекше құрметпен түйінделді. Астана мен Алматыдан келген өнер майталмандарына аудан әкімінің арнайы алғысхаты табысталып, ұлы өнердің ұлықталған кеші ел есінде мәңгі қалатындай болып тарих қойнауына енді.
Айгерім Төлепова Жаңақала ауданының тілшісі

Ұқсас жазбалар

Количество легковых электромобилей в Казахстане продолжает уверенно расти

По состоянию на 1 июня 2026 года в Казахстане зарегистрировано 24 634 легковых электромобиля. За…

Қазақстанда жеңіл электромобильдер саны тұрақты өсіп келеді

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда 24 634 жеңіл электромобиль тіркелген. Соңғы 12 айда…

Инициатива Президента «Таза Қазақстан» реализуется как ключевой принцип, заложенный в Конституции — Олжас Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектенов провел заседание Совета по переходу к «зеленой экономике» при Президенте Республики Казахстан.…