Сурет: Жайық Пресс
28-30 шілде аралығында Батыс Қазақстан облысында «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл шара жолаушылар тасымалы кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, заңсыз жолаушы тасымалдаудың алдын алуға және жол-көлік оқиғаларының профилактикасына бағытталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері қоғамдық көліктерді тексереді. Олар көлік құралдарының техникалық жай-күйіне, қажетті құжаттардың болуына, жолаушылар тасымалы кезінде заң талаптарының сақталуына ерекше назар аударады. Сондай-ақ осы саладағы заңсыз кәсіпкерлік фактілерін анықтап, жолын кеседі.
Оралда алғашқы тәулік қорытындысы бойынша Жол қозғалысы ережелерінің 162 бұзушылығы анықталды. Оның ішінде: жолаушылар тасымалы саласында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысудың 6 фактісі; қарсы жолаққа шығудың 3 фактісі; автомобиль көлігімен жолаушылар мен багаж тасымалдау кезінде заң талаптарын бұзудың 5 фактісі бар.
Барлық анықталған фактілер бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Жедел-профилактикалық іс-шара жалғасуда. Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті тасымалдаушылар мен жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол қозғалысы ережелері мен жолаушылар тасымалы саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Жолаушылардың қауіпсіздігі — әрбір тасымалдаушы мен жүргізушінің ортақ жауапкершілігі.
Мазмұнға өту
