Жайық news

БҚО-да суармалы жер көлемі 13,2 мың га құрайды

Сурет: Жайық Пресс

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға қарай елімізде су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жер көлемін 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарлануда. Осыған байланысты заманауи технологияларды енгізуді ынталандыру мақсатында ұңғыма бұрғылау, инфрақұрылым тарту және жабдық сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін арттырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімі Нәріман Төреғалиевтің қолдауымен өткен жылы осы мақсаттарға 3 млрд теңге бөлінді. 11 жоба мақұлданып, нәтижесінде 2900 гектардан астам жер су үнемдеу технологияларын қолдана отырып айналымға енгізілді. Заманауи суару жабдығын сатып алған аграрийлердің инвестициялық шығындарының 80%-ы жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Соңғы үш жылда фермерлерге 5 млрд теңге субсидия төленді.

Өңірде суармалы жер көлемі 13,2 мың га құрайды, оның 94%-ында су үнемдеу технологиялары қолданылады. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында батысқазақстандық фермерлер заманауи жабдықтар санын арттырды. Мысалы, Теректі ауданының Юбилейное ауылындағы «Балакирев» шаруа қожалығы картоп өсірумен айналысады, ал өткен жылдан бастап соя өсіруді де қолға алды. Қожалықта сыйымдылығы екі мың тоннадан асатын қойма салынған. Қожалық су үнемдеу технологияларын 15 жыл бойы қолданып келеді. Егістіктерде жеті шақырым құбыр тартылып, сегіз «Фрегат» типті жаңбырлатқыш қондырғы жұмыс істейді. Заманауи жабдық су тұтынуды төрт есе азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, өңірдің егістіктерінде 160-тан астам заманауи суару машинасы қолданылады, оның жартысына жуығы соңғы бес жылда сатып алынған.

Көп оқылғандар