Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысында мал қыстауға арналған жем-шөп дайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажетті көлемнің 57,4 пайызын құрайтын 1,3 млн тонна шөп дайындады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңесте жем-шөп дайындау науқанының барысы мен агроөнеркәсіп кешенінің дамуы талқыланды. Жиында ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету, «Игілік» және «Береке» жеңілдікті несиелеу бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ мал шаруашылығы шаруашылықтарын қысқы кезеңге дайындау мәселелері қаралды.
Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 118,4 млрд теңгені құрады, ал физикалық көлем индексі 104,2 пайызға жетті. Сонымен қатар сала алдына Үкімет белгілеген 105,2 пайыздық көрсеткішке шығу міндеті қойылған. Ол үшін ет, сүт және жұмыртқа өндірісін арттыру, сондай-ақ статистикалық есептілікті уақтылы және толық ұсыну қажет.
Кеңесте жем-шөп дайындауға ерекше назар аударылды. 2026-2027 жылдардағы қыстауды сәтті өткізу үшін облыс шаруашылықтарына 2,3 млн тонна шөп дайындау қажет. Бүгінгі таңда осы көлемнің жартысынан астамы – 1,3 млн тоннасы орындалып, жұмыс өңірдің барлық аудандарында жалғасуда.
Кеңес қорытындысы бойынша салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне жем-шөп дайындау науқанының қарқынын күшейту, «Игілік» және «Береке» бағдарламалары аясында мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы туралы мәліметтерді жаңарту тапсырылды. Жем-шөп қорын уақтылы дайындау қысқы кезеңді тұрақты өткізудің және өңірдің мал шаруашылығы саласын одан әрі дамытудың негізгі шарттарының бірі екендігі атап өтілді.
Мазмұнға өту
