Сурет: Жайық Пресс
Облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Каюповтың төрағалығымен өткен жиында облыстың қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен инвестиция тарту жұмыстарының нәтижелері қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жеті негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштің бесеуі бойынша оң динамика байқалды. Ең жоғары өсу қарқыны инвестициялық қызмет, құрылыс және ауыл шаруашылығында тіркелді. Сонымен қатар, өнеркәсіп өндірісі көлемінің төмендеуі қосымша шаралар қабылдауды талап етеді.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 118,5 млрд теңгені құрады, физикалық көлем индексі 104,2% жетті. Негізгі капиталға инвестициялар 23%-ға өсіп, 331,8 млрд теңгеге жетті. Құрылыс саласында да айтарлықтай өсім байқалады: орындалған жұмыстар көлемі 143,6 млрд теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңінің 117,1%-ын құрады.
Тұрғын үй құрылысында да оң динамика жалғасуда. Алты ай ішінде өңірде 223 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3,6%-ға артық.
Ішкі сауда көлемі 602,4 млрд теңгеге жетті. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңінің 90,4% деңгейінде қалыптасты. Өңдеу өнеркәсібіндегі төмендеудің негізгі себебі бірқатар ірі және орта кәсіпорындарда өндірістік тапсырыстардың қысқаруы болды. Көлік қызметтерінің көлемі 98,4% деңгейінде қалыптасты.
Жиын барысында жоспарлы көрсеткіштерді орындамаған аудан әкімдерінің есептері тыңдалды. Қатысушылар артта қалу себептерін жан-жақты қарастырып, жағдайды түзету шараларын талқылады.
Жиынды қорытындылай келе, Тлепберген Каюпов жауапты мемлекеттік органдар мен аудан әкімдіктеріне инвестициялық жобалардың сүйемелдеуін күшейтуді, экономикалық өсуді қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды және төмендеу байқалған бағыттар бойынша көрсеткіштерді жақсарту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Мазмұнға өту
