Жайық news

БҚО-да энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі 10 ірі жоба жүзеге асырылуда

Сурет: Жайық Пресс

Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қорын қысқа дайындау және су тасқынына қарсы іс-шаралар талқыланды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов жүргізді.

Қазіргі уақытта өңірдегі әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің жылу маусымына дайындығы 64-тен 87 пайызға дейін жетеді. Алдағы он күнде Қазталов, Тасқала және Теректі аудандарының бюджеттік ұйымдарына 127 тонна көмір толық жеткізіледі деп жоспарлануда.

Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды дайындау жалғасуда. «Жайықтеплоэнерго» АҚ, «Батыс су арнасы» ЖШС, «Батыс Қазақстан РЭК» ЖШС және негізгі энергия өндіруші кәсіпорындар газ турбиналық қондырғылар мен қосалқы жабдықтарды жөндеуден өткізуде.

«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде жалпы құны 21,9 млрд теңгені құрайтын 10 ірі жоба іске асырылуда. Олар электр және жылу желілерін, сорғы станцияларын реконструкциялауды, сондай-ақ су алу ұңғымаларын салуды қамтиды.

Отырыс барысында Қ. Айтмұхамбетов Орал және аудан әкімдіктеріне жауапты құрылымдармен бірлесіп, мемлекеттік және жеке нысандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Халықтың әлеуметтік осал топтарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Осы санаттағы азаматтардың үйлеріне газ датчиктерін орнатуды 1 қарашаға дейін аяқтау тапсырылды.

Өңірде 2025–2027 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың кешенді жоспары жүзеге асырылуда, оған 104 іс-шара кіреді. Оның 31-і биыл аяқталуы тиіс.

Өзен арналарын реттеу және тазалау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Деркөл өзенінде арнаның жеті шақырымдық учаскесін тазалау және кеңейту жүргізілуде. Утва өзенінің 11 шақырымдық учаскесін тазалау жобасын мемлекеттік сараптамаға жіберу жоспарлануда.

Биылғы жылы Кушум өзені мен Шаған тармағының арналарын жалпы ұзындығы 68 шақырымға тереңдету де көзделген.

Сонымен қатар, коммуналдық нысандарды пайдалану тиімділігін арттыру үшін олардың 80 пайызы «Батысирригация» мекемесінің балансына берілді.

Жиын қорытындысы бойынша Қ. Айтмұхамбетов жауапты мемлекеттік органдарға кешенді жоспардағы барлық іс-шараларды сапалы әрі уақтылы орындауды және өңірді жылу маусымы мен ықтимал су тасқынына дайындау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Көп оқылғандар