Жайық news

БҚО-да энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту бойынша 17 жоба іске асырылуда

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысында энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жалпы құны 28,5 млрд теңгені құрайтын 17 жоба жүзеге асырылуда. Мақсат – тозған инженерлік желілерді жаңарту және елді мекендерді жылумен, сумен және электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық жобаның орындалу барысы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды. Жиынға облыс әкімі Нариман Тұреғалиев қатысты.

Негізгі бағыттардың бірі – жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту. Қазіргі уақытта өңірде жалпы құны 6,2 млрд теңгені құрайтын үш жоба іске асырылуда. Ұзындығы 8,8 шақырымды құрайтын жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары 70 пайызға орындалған. Сонымен қатар, 2027 жылы құны 2,8 млрд теңгені құрайтын тағы екі нысанды жаңарту жоспарлануда. Бұл 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозу деңгейін 49 пайыздан 43 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сумен жабдықтау және су бұру саласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсаттарға 5,8 млрд теңге бөлінген. Төрт жоба аясында екі сумен жабдықтау сорғы станциясы мен екі кәріз сорғы станциясы қайта жаңартылуда, сондай-ақ бес су алу ұңғымасын бұрғылау жалғасуда. Бүгінгі таңда бұл жұмыстар 65 пайызға орындалған.

Келесі кезең – Орал және Ақсай қалаларындағы инженерлік желілерді жаңғырту. 2026-2027 жылдары мұнда жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын сегіз жобаны іске асыру жоспарлануда. 130 шақырымнан астам желі жаңартылады. Нәтижесінде 2029 жылдың соңына қарай су құбыры желілерінің тозуы 60,4 пайыздан 43 пайызға, ал кәріз желілерінің тозуы 61,2 пайыздан 48 пайызға дейін төмендейді.

Электр энергетикасында да елеулі өзгерістер күтілуде. Жалпы құны 16,5 млрд теңгені құрайтын, 863 км электр беру желілері мен екі қосалқы станцияны қайта жаңартуды көздейтін он жобаның іске асырылуы басталды. Ағымдағы жылдың соңына қарай электр желілерінің тозу деңгейі 75,4 пайыздан 70,3 пайызға дейін қысқарады деп күтілуде. Электр желілерін жаңарту жұмыстары кейінгі жылдары да жалғасады. 2027-2028 жылдары EPC-келікшарттар механизмін пайдалана отырып, электр беру желілерінің тағы жүздеген шақырымын жаңғырту жоспарлануда. Бұл 2029 жылға қарай энергиямен жабдықтаудың сенімділігін айтарлықтай арттыруға және өңірдің коммуналдық инфрақұрылымының тозу дәрежесін төмендетуге мүмкіндік береді.

Көп оқылғандар