Жайық news

БҚО-да денсаулық сақтау мәселелері бойынша үйлестіру кеңесі өтті

Сурет: Жайық Пресс

Облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Каюповтың төрағалығымен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Күн тәртібінде халық арасында маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, тәуелді азаматтарға медициналық-әлеуметтік оңалту көрсету, түзеу мекемелеріндегі сотталғандарға медициналық көмек ұйымдастыру, сондай-ақ әйелдер арасында анемия деңгейін төмендету үшін ұнды фортификациялау, өңірдегі ауыз су сапасын тұрақтандыру және халықты профилактикалық екпелермен қамту мәселелері қаралды.

Отырыста облыстық психикалық денсаулық орталығының жұмысы туралы есеп тыңдалды. Атап өтілгендей, алкогольдік және есірткілік тәуелділігі бар адамдарға стационарлық наркологиялық көмек 45 төсекке арналған бөлімшеде көрсетіледі. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында мұнда 366 пациент емделген, ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 350 адамды құраған.

Медициналық-әлеуметтік оңалту бағытында да жұмыс жалғасуда. 25 төсекке арналған оңалту бөлімшесінде пациенттердің салауатты өмір салтын қалыптастыруға және әлеуметтік бейімделуіне ерекше көңіл бөлінеді. Жарты жыл ішінде мұнда 51 адам емделген, оның ішінде 33-і алкогольдік, 18-і есірткілік тәуелділікпен.

Сонымен қатар, оңалту тиімділігін арттыру үшін психологтар мен психотерапевттердің қызметімен қатар емдік-өндірістік (еңбек) шеберханаларын ұйымдастыру қажеттігі аталып өтті. Бұл бағытты дамыту үшін қосымша қаржыландыру мәселесі өзекті болып қала береді.

Кеңесте сондай-ақ медициналық куәландыру нәтижелері талданды. 2026 жылдың алты айында облыстық психикалық денсаулық орталығының кабинетінде 6842 куәландыру жүргізілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен төмен.

Отырыс соңында әйелдер арасында анемия деңгейін төмендету шаралары, сондай-ақ халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және профилактикалық вакцинациямен қамтуды арттыру жұмыстары талқыланды.

Көп оқылғандар