Жайық news

БҚО-да бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сот үкімі шықты

Сурет: Жайық Пресс

Сырым ауданы Жымпиты ауылындағы көшелерді жөндеуге бөлінген 56,6 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мердігер және субмердігер ұйымдардың басшылары жалған актілер жасап, жұмыс көлемі мен құнын асыра көрсеткен. Сот оларды алдын ала сөз байласып, қызмет бабын пайдаланып бюджет қаражатын жымқырды деп тауып, әрқайсысына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

БҚО экономикалық тергеу департаменті басқармасының басшысы Анастасия Болграбскаяның айтуынша, құрылыс және экономикалық сараптамалар жұмыстардың едәуір бөлігі мүлде орындалмағанын немесе ішінара ғана атқарылғанын растаған. Нақты орындалған жұмыстардың құны 127 млн теңге болса, орындалмаған жұмыстардың құны 56,5 млн теңгеден асқан.

– Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау және оларды жымқыруға байланысты қылмыстарды анықтау ҚР Қаржы мониторингі агенттігі жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Мемлекеттік қаражатты заңсыз игерудің әрбір әрекеті қатаң құқықтық бағалауға ие болады және міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады, – деді ол.

Бұған дейін осы іс бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы да сотталған. Ол лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Көп оқылғандар