Жайық news

БҚО-да 6,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысында ұзақ уақыт бойы мақсатына сай пайдаланылмаған 6,2 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Босаған учаскелерді адал жер пайдаланушыларға беру арқылы экономикалық айналымға қайта тарту жоспарлануда.

Облыс прокуратурасы ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдалану кезінде жер заңнамасының талаптарының бұзылуын анықтады. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру барысында бірқатар жер пайдаланушылардың ұзақ уақыт бойы берілген жер учаскелерін мақсатына сай пайдаланбағаны көрсетілген.

Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жалпы ауданы 6 200 гектардан асатын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың кадастрлық құны 75 млн теңгеден асады. Прокуратурада атап өткендей, қазіргі уақытта қайтарылған жерлер заңды экономикалық айналымға тартылуда.

Бұл оларды тікелей мақсаты бойынша пайдалануға және өңірдің жер ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға босатылған учаскелерді ауылдық жерлерде тұратын субъектілерге беруді қамтамасыз ету тапсырылды. Мұндай жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүргізілуде және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануға, сондай-ақ өз шаруашылығын дамытуға мүдделі ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған.

Көп оқылғандар