Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «50 жаңа аула» экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл бағдарламаны Қазақстан Республикасының Президенті бастамашылық еткен болатын.
Акцияны облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық ұйымдастыруда. Өткен жылы осы бастама аясында жас белсенділер 25 балалар ойын алаңын ретке келтірген еді.
Кезекті шара Есен Орақбаев көшесінде өтті. Мұнда көппәтерлі тұрғын үйдің ауласында аумақты абаттандыру және жаңарту жұмыстары жүргізілді.
Волонтерлер ауланы қоқыстан тазартып, балалар ойын алаңының жабдықтары мен орындықтарды бояды. Жұмыстарға үй тұрғындары да белсенді атсалысты.
Акцияның негізгі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру. Мұндай бастамалар аулаларды көркейтіп қана қоймай, тұрғындарды ортақ іске біріктіреді.
Ұйымдастырушылар «50 жаңа аула» акциясын жалғастыруды көздеп отыр. Жастар облыс тұрғындарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, өз аулаларын абаттандыруға белсенді қатысуға және туған өлкенің дамуына үлес қосуға шақырады.
Мазмұнға өту
