Жайық news

БҚО-да 362 мектеп «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасына қосылды

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысында балалар жарақатын азайту, жазатайым оқиғалардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Бұл мәселелер ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен Ұлттық үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Селекторлық байланыс режимінде өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов қатысты. Кеңесте ұсынылған мәлімет бойынша, өңірде жазатайым оқиғалар санының азаюы бойынша оң серпін сақталуда. Жарақат, жазатайым оқиға және улану салдарынан зардап шеккендерге жедел жәрдем шақырту саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға азайған. Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен балалар саны да 11%-ға кеміген.

Маңызды бағыттардың бірі – балалардың терезеден құлауының алдын алу. Көппәтерлі тұрғын үйлерде қауіпсіздікті арттыру үшін 252 терезе блокаторы орнатылды. Сонымен қатар, 1605 үйде рейдтік іс-шаралар өткізіліп, профилактикалық жұмыспен 33 мыңнан астам тұрғын қамтылды.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Облыстың ауылдық клубтарында 945 үйірме жұмыс істейді, оған 12 356 бала қатысады. Жалпы өңірде 262 ауылдық клуб мекемесі жұмыс істеп, онда мәдени-танымдық және тәрбиелік іс-шаралар тұрақты өткізіледі.

Салауатты өмір салтын насихаттау жұмысы медициналық ұйымдарда да жүргізілуде. Жыл басынан бері 6814 адамның қатысуымен 324 профилактикалық іс-шара өткізілді. Тұрғындарға дұрыс тамақтану, семіздіктің алдын алу, тәтті және энергетикалық сусындардың зияны, тұз бен қантты шамадан тыс тұтыну мәселелері түсіндірілуде.

Облыстың 362 мектебі «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасына қосылды. Білім беру мекемелері үшін «Салауатты тамақтану принциптері» және «10 пайдалы сан» тақырыптарында 150 ақпараттық плакат дайындалып, таратылды.

Отырысты қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов салалық басқарма басшыларына Ұлттық үйлестіру кеңесінің отырысында қойылған міндеттерді сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Көп оқылғандар