Сурет: Жайық Пресс
Мемлекеттік қызметті дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту және мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру – БҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Марат Байсаловтың Жәнібек, Бөкейорда және Қазталов аудандарына жұмыс сапарларының тақырыптары болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесулердің басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілермен және тұрғындармен тікелей диалог. Сапарлар барысында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясының ережелері, мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы өзгерістер түсіндіріліп, заңдылық, адалдық қағидаттарын сақтау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері талқыланды.
Іс-шараларға аудан әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, мемлекеттік қызметшілер, жастар, Өңірлік кадр резервінің өкілдері, Шекара басқармасының әскери қызметшілері, қоғам өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
– Бүгінде мемлекеттік қызмет азаматтарға бағдарланған және ашық бағытта дамуда. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – тек әкімшілік функцияларды орындау емес, халықтың мәселелерін сапалы шешу, адамдарды тыңдау және олардың сенімін ақтау, – деп атап өтті Марат Байсалов.
Конституциялық реформаларды іске асыруға, мемлекеттік қызметті жетілдіруге, мемлекеттік басқарудың сервистік моделін енгізуге, меритократия қағидаттарын дамытуға және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылды.
Кейстік жағдаяттарды қолдана отырып, практикалық сабақтар өткізілді. Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді, қызметтік этика нормаларын сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу және күнделікті жұмыста сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтаудың нақты мысалдарын талдады.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрбір қызметшінің дұрыс құндылықтары мен жеке жауапкершілігін қалыптастырудан басталады. Заң талаптарын білу ғана емес, олардың мәнін түсіну маңызды. Әділдік, адалдық және қоғам алдындағы жауапкершілік кәсіби қызметтің негізі болуы керек, – деп атап көрсетті департамент басшысы.
Жұмыс сапарлары барысында қызметтік көлікті пайдалануға қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері бойынша кеңестер өтті. Мемлекеттік органдарға қоғамдық мониторинг тетіктері, арнайы ақпараттық жапсырма жобасы және бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті органдарды хабардар ету тәртібі ұсынылды.
Кездесулердің жеке блогы жастарға арналды. Мемлекеттік қызметке түсу мүмкіндіктері, кәсіби өсу перспективалары, Өңірлік кадр резервінің қызметі, сондай-ақ адалдық пен жауапкершілік қағидаттарының маңызы талқыланды.
– Жастар – елдің болашақ кадрлық әлеуеті. Сондықтан бүгіннен бастап жас мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау, оларда мемлекеттік қызметтің маңыздылығы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті түсінуді қалыптастыру қажет, – деді Марат Байсалов.
Жұмыс сапарларының маңызды бөлігі – азаматтарды жеке қабылдау. Аудан тұрғындары мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету және заңнаманы қолдану мәселелері бойынша түсініктеме алды. Бұл формат азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға және қосымша назар аударуды қажет ететін проблемаларды анықтауға мүмкіндік береді.
Іс-шаралардың үлкен блогы халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналды. Аудандарда интеллектуалдық конкурстар, шахмат турнирлері, отбасылық спорттық жарыстар, жастармен кездесулер, тақырыптық театр қойылымдары, сурет конкурстары және ақпараттық акциялар өтті. Олардың барлығы «Заң және Тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын ілгерілетуге және қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті нығайтуға бағытталды.
Бастамалардың бір бөлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылды, бұл халықтың әртүрлі санаттарының қатысуын кеңейтуге және профилактикалық жұмысты күшейтуге мүмкіндік берді.
Жұмыс сапарларының қорытындысы бойынша аудан тұрғындары мен мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті дамыту, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру және заңдылықты нығайту мәселелеріне үлкен қызығушылық танытатыны атап өтілді.
– Мұндай кездесулер халықтың қажеттіліктерін жақсырақ түсінуге, жергілікті жерлерде туындайтын практикалық мәселелерді көруге және оларды шешу жолдарын бірлесіп іздеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмыс облыстың барлық аудандарында жалғасады, – деп атап көрсетті Марат Байсалов.
Кәсіби мемлекеттік қызметті дамыту, азаматтардың сенімін нығайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу департамент қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Мазмұнға өту
