Әлем

Билл Гейтс жасанды интеллекттің қаупі туралы алаңдаушылық білдірді

Сурет: BILD

Microsoft компаниясының тең құрылтайшысы Билл Гейтс жасанды интеллектінің төндіретін қауіптері жөнінде алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның пайымдауынша, қазіргі ЖИ мүмкіндіктерінің ауқымы соншалықты кең, оны жаман ниетпен қолдану миллиардтаған адамның өмірін қиюы мүмкін сценарийлерге жол ашуы ықтимал. Бұл әлемдегі әр сегізінші тұрғынның зардап шегуі мүмкін дегенді білдіреді. Гейтс бұл жайында NBC телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Алайда Microsoft негізін қалаушылардың бірі қауіп машиналардың адамзатқа қарсы бас көтеруінен туындайды деп отырған жоқ. Оның көзқарасынша, негізгі қатер – заманауи ЖИ құралдарын теріс пиғылмен пайдаланатын адамдар. Бүгінгі технология күрделі кибершабуылдар жасауға жәрдемдесе алады, сонымен қатар биотерроризмге қатысты тәуекелдерді ұлғайтуы мүмкін.

Сонымен қатар Гейтс супер-ЖИ қазірдің өзінде адам бақылауынан шығып кетуі мүмкін деген пікірге күмәнмен қарайды.

«Біз жүйелер компьютерлерді автономды түрде басып алып, оларды өшіру мүмкін болмайтын кезеңге әлі жеткен жоқпыз», деді ол.

Оның айтуынша, мұндай пікірталастар кейбір адамдардың «техникалық мәселелерді қаншалықты аз түсінетінін» ғана көрсетеді.

Гейтс ЖИ-ді «өшіру батырмасы» туралы пікірталасты да дұрыс емес деп санайды. Оның айтуынша, қарапайым апаттық ажыратқыштың болуы жеткіліксіз – міндетті бақылау жүйелері мен қауіпсіздік тетіктері қажет.

Сонымен бірге Билл Гейтс жасанды интеллектіні дамытуды толығымен тоқтатуға шақырмайды.

Бұған дейін OpenAI жасанды интеллект модельдерін оқыту және тестілеу кезінде анықталған күтпеген әрекеттердің бірнеше мысалын жариялады. Компанияның мәліметінше, эксперименттік модельдердің бірі пайдаланушының рұқсатынсыз өзі жасаған файлды интернетке жүктеген.

Көп оқылғандар