Сурет: Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі елшілігі
Бельгия Корольдігіндегі Монс университетінде (UMONS) «Кітап оқитын ұлт» жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Экономика және менеджмент факультетінің деканы, қазан айынан бастап тұрақты даму және қоғамдық өмір мәселелері жөніндегі проректор қызметіне кірісетін Шанталь Скубо (Chantal Scoubeau), университет оқытушылары және бакалавриат, магистратура мен докторантураның 40-тан астам студенті қатысты. Кездесу барысында республикалық кітап оқу марафонының негізгі мақсаты мен конкурстан тыс форматта қосылуға мүмкіндік беретін жаңа Parasat бағыты таныстырылды.
«Жастар арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған бұл бастама ой-өрісті кеңейтуге, жаңа идеялар мен мәдениеттерді танып-білуге, сондай-ақ қоршаған әлемге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», — деді бұған дейін елімізде болған Монс университетінің студенті Жад Шарпантье (Jade Charpentier).
Таныстырылым заманауи Қазақстанға, оның ұлттық дәстүрлері мен тіліне арналған бағдарламамен жалғасты. Монс қаласында тұратын отандастарымыз Айгерім Аққұлова (Qazaq Centre) мен Айнұр Касенова қазақтың салт-дәстүрлері мен олардың қоғам өміріндегі орны туралы әңгімеледі. Ауызша және жазбаша аударма факультетінің посткеңестік кеңістікті зерттеу кафедрасының студенттері қазақ тіліне ерекше қызығушылық танытты. Интерактивті сабақ кезінде олар күнделікті қолданыстағы сөздер мен сөз тіркестерін үйреніп, қазақ тілінде алғашқы сөйлемдерін айтты. Сондай-ақ студенттер қазақ тілін одан әрі үйренуге және факультетте толыққанды қазақ тілі курсының ашылуына қызығушылық білдірді.
Домбырада екі қазақ күйін орындаған бельгиялық студенттер Анжелика мен Ксавьенің өнері ерекше қызығушылық тудырды. Бұған дейін олар Алматыда алты айлық тағылымдамадан өтіп, Қазақстанның мәдениетімен және күнделікті өмірімен танысып, қазақтың ұлттық аспабын меңгере бастаған.
Монс университетінде өткен жобаның таныстырылымы оның халықаралық аудиториясын кеңейтіп, бельгиялық студенттерге Қазақстанды әдебиет, тіл және музыка арқылы танып-білудің тағы бір мүмкіндігін ұсынды.
Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысатынын хабарлаған едік.
