Сурет: ті түсірген – автор
Баянауыл ауданындағы Шөптікөл ауылының тұрғындары көмір кеніштерінен шыққан көк түтіннің арасында өмір сүруге мәжбүр. Қырық жылға жуық уақыттан бері шешілмей келе жатқан мәселелерге жергілікті билік те үйреніп кеткендей, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шөптікөл облыс орталығынан 170 шақырым жерде, Майқайың ауылдық округіне қарайды. Ауылдың негізі 1840 жылдары қаланған. Геолог Қосым Пішенбаев бұл жерден көмір қорын тауып, кеніш ашылып, ауыл пайда болған. Кеңес кезінде кеніште 300-ден астам отбасы тұрған, бірақ 1987 жылы Майкөбе кеніші ашылған соң Шөптікөл жабылған. 90-жылдардың соңында Сұлужон ауылы салынып, тұрғындардың жартысы көшкен, қалғандары осында қалып қойған.
Қазір Шөптікөлде 21 отбасы, 60-тан астам адам тұрады. Ауылдың төңірегі кеніштермен қоршалған: батысында Майкөбе, оңтүстігінде Сарыкөл, шығысында Талдыкөл, оңтүстік беткейде ескі Шөптікөл кенішінен көк түтін шығып тұрады.
– Әкім, депутат атаулы ауылымызға аттап баспайды. Балаларымыздың мынау көк түтіннің арасында өмір сүріп жатқаны ешкімді ойландырмайды. Күн тымықта іргеміздегі ескі кеніштің түтіні тұншықтырса, желді күндері Майкөбе кенішінің шаң-тозаңына көмілеміз. Мәселемізді аудан басшылығы, облыс экологтері жақсы білгенімен, шарасыз. Қайдан екенін білмейміз, эколог маманбыз деп әлдебіреулер салып-ұрып жетіп келеді де, зерттеулерін жүргізіп, «бәрі жақсы» деп жазып алып кетеді. Ауыл орталықтандырылған ауызсу, мәдениет үйі, кітапхана, балалардың ойын алаңы сияқты қарапайым инфрақұрылымның өзінен жұрдай. Осы уақытқа дейін тағайындалған басшылар бұл мәселелермен мүлде айналыспады десе болады. Түнде көшелеріміз тас қараңғы, орнатқан шамдары ескі болды ма, аз уақытта істен шықты. Электр бағандары да әбден ескірген, жел соқса сымдары бір-біріне тиіп, жарық өшіп қалады. Электрик маман жоқ, ауданнан келіп жөндегенше 3-4 тәулік бойы жарықсыз отырамыз. Айына кемі 2-3 мәрте жарықсыз қаламыз, – деп жеткізді елдің мұңын жергілікті тұрғын Айтбай Төлепбергенов.
Ауылға аптасына екі рет арнайы көлікпен ауызсу жеткізіледі, шелегі 15 теңге. Бұрын скважина болған, бірақ сорғысы істен шығып, малдарға су табу қиын. Скважинаның жаңа сорғысы 800 мың теңге тұрады, тұрғындардың ақшасы жоқ. Жайылым мәселесі де бар: айнала кеніштер мен жолдар, малдар пойыз астында қалады.
Ауылда ұялы байланыс жоқ, кейбір үйлерде Wi-Fi бар, бірақ сапасы нашар. Жарық сөнгенде байланыс мүлде үзіледі. Жедел жәрдем көлігі келмейді, медпункт жабық. Тұрғындар жиі сырқаттанады, қан қысымы көтеріліп, самайлары ауырады. Дәріхана мен дүкен жоқ, азық-түлікті таксимен 8-9 мың теңгеге тасуға мәжбүр.

