Сурет: Видеодан алынған кадр
Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін халықаралық іздеуде жүрген үш күдіктіні елге экстрадициялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Олардың бірі 2019-2020 жылдары сыбайласымен бірге Астанада халықаралық орталық салуға арналған жер учаскесін алуға көмектесуге уәде беріп, жәбірленушіні алдап, жалпы сомасы 368 мың долларды иемденген.
Екінші күдікті денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, тонау және бұзақылық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде болған. Тергеу мәліметінше, ол 2021 жылы Алматыда бір топ адаммен бірге жәбірленушіге шабуыл жасап, оның денсаулығына ауыр зиян келтірген. Сонымен қатар жалпы құны 100 мың теңгеден асатын мүлкін ашық түрде иемденген.
Үшінші күдікті биыл жазда Астанада Қытай азаматының 24 200 доллар ұрлады деген күдікке ілінген. Бұл сома аса ірі мөлшерге жатады.
Үшеуі де қылмыс жасағаннан кейін қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған. Осыған байланысты олар халықаралық іздеуге жарияланған.
Кейін олардың Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында жүргені анықталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазір барлық күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру қайта басталды.
Еске сала кетейік, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Иранның үш азаматы сотталды.
