Сурет: Egemen Qazaqstan
Атырау облысында Жайық өзенінде балық аулау кезінде жоғалып кеткен ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 8 маусым күні кешкі уақытта Индер ауданына қарасты Бөдене ауылы маңында болған. 1993 жылы туған азамат балық аулап жүрген кезде суға батып кеткен.
Құтқарушылар екі күн бойы іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 10 маусым күні марқұмның денесі оқиға орнынан шамамен 100 метр қашықтықтан табылып, судан шығарылды.
Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің 17 қызметкері, төрт техника және үш жүзу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар да көмек көрсетті.
Осы оқиғаға байланысты құтқарушылар тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

