Жайық news

Ата-аналар бір күнге әскер өміріне еніп, ұлдарының қызметін көрді

Сурет: Жайық Пресс

Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінде Ата-аналар күні өтті. Шараға мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің 300-ге жуық ата-анасы қатысты. Ашық есік форматында өткен іс-шара армия мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған тағы бір қадам болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ата-аналар ұлдарының күнделікті өмірін әңгіме немесе телефон қоңыраулары арқылы емес, жеке көруге мүмкіндік алды. Қонақтар әскери қызметшілердің тұру жағдайларымен танысып, казармалар мен жауынгерлік дайындық оқу сыныптарын аралады. Сондай-ақ олар қызметті ұйымдастыру, күн тәртібі және жеке құрамды даярлау жүйесімен танысты. Қолбасшылық өкілдері әскери қызмет өту тәртібі, жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар, әскери қызметшілерді киім-кешекпен қамтамасыз ету және тәрбие жұмысын ұйымдастыру туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Кездесу барысында ата-аналар қызмет, жас сарбаздардың бейімделуі және олардың күнделікті іс-әрекетіне қатысты барлық сұрақтарына жауап алды.

– Бүгін біз ұлымыздың қызметі қалай өтіп жатқанын көрдік. Әрбір ата-ана үшін баласының қауіпсіз жағдайда, командирлердің назарында болуы және қажетті білім мен дағдыларды алуы маңызды. Осы кездесуден кейін біз үйге жүрегіміз тынышталып ораламыз. Әскери бөлім қолбасшылығына ашықтығы, шынайы қабылдауы және балаларымыздың әскердегі тұрмысымен жеке танысу мүмкіндігі үшін алғыс айтамыз, – деді әскери қызметшінің анасы Марал Кишкентаева.

Ата-аналар күні ашық қарым-қатынас алаңына айналып, әскери қызметшілердің отбасыларына қызметті ұйымдастырумен жақынырақ танысуға және заманауи әскери қызмет жағдайларының қауіпсіздік, тәртіп және жеке құрамды жан-жақты даярлау талаптарына сай екеніне көз жеткізуге мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер қоғам мен әскери ұжымдар арасындағы өзара сенімді нығайтуға, сондай-ақ жастар мен олардың ата-аналары арасында әскери қызметтің беделін арттыруға ықпал етеді.

Көп оқылғандар