Қоғам

Астанадағы қасбет құлауы: фельдшер сотта куәлік берді

Сурет: Эфирден скрин

Елордада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасуда. Сот отырысында оқиға кезінде жанында болған әріптесі Ділназ Байзақова куәлік берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ділназдың айтуынша, сол күні екі фельдшер алғаш рет бірге кезекшілікке шыққан. Олар бірінші санаттағы шақыртумен көрсетілген мекенжайға барған.

«Жиналып тұрған адамдардың нұсқауымен дүкенге кірдік. Дүкенде бір әйел, сыртта үйінді астында бір әйел мен бір ер адам жатты. Біз олардың бірін көтере бергенімізде үстімізге кірпіш құлады. Алғашында не болғанын түсініп үлгермедім. Тұрып Ұлданаға қарасам, етпетінен жатыр екен. Көтеріп қарағанымда құлағы мен мұрынынан қан ағып жатты», деді ол.

Ол сондай-ақ көп ұзамай екінші жедел жәрдем бригадасы келіп, Ұлдананы ауруханаға алып кеткенін айтты. «Ұлдананы алып кеткен соң ТЖМ қызметкерлері келді. Сол уақытта аға дәрігерге хабарластым. Көп ұзамай өзге бригадалар да келді. Оған дейін өзге зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсеттім», деді Ділназ Байзақова.

Қайғылы оқиға былтыр 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік көшесі, 24Б мекенжайындағы тұрғын үй маңында болды. Ғимарат қасбеті құлаған кезде оқиға орнына келген екі фельдшер – Ұлдана Мырзуан мен Ділназ Байзақованың үстіне кірпіш құлаған. Ауыр жарақат алған Ұлдана 18 қараша күні ауруханада қайтыс болды.

Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Ал былтыр желтоқсанда Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ғимаратына фельдшерге арналған ескерткіш тақта орнатылды.

Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы («Міндеттеріне адал қарамау») бойынша қаралуда. Тергеу нұсқасы бойынша, Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы Сәуле Жұбаниязова үйдің қасбетіндегі ақаулар туралы білгенімен, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізбеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін сотта оқиға орнында болған куәгер Гүлнәр Қалиева жауап берген болатын.

Көп оқылғандар