Астанада жылы мезгілдің басталуымен балалардың терезеден құлау жағдайлары жиіледі. Өткен жылы 14 бала осылай қаза тапқан, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаменті ата-аналарға ескерту жасады. Олар балаларды терезенің жанында жалғыз қалдырмауға, москит торларына сенбеуге кеңес береді. Себебі торлар ауырлыққа шыдамай, сынып кетуі мүмкін.
«Балаңызды терезеден құлап кетуден сақтаудың ең сенімді жолы – терезеге арнайы бекіткіштер орнату. Есіңізде болсын, ашық терезе – бала үшін үлкен қауіп», – дейді мамандар.
Сондай-ақ жиһазды терезенің астына қоймау керек, балалар оған шығып кетуі мүмкін. Терезелерді тек жоғарыдан желдету режимінде ұстаған жөн.
Биыл да осындай оқиғалар қайталанбас үшін ата-аналар сақтық шараларын қатаң сақтауы тиіс. Дәрігерлер мен құтқарушылар алдын алу – ең тиімді әдіс екенін ескертеді.

