Жайық news

Астанада пәтер алып берем деп 500 млн теңге жымқырған әйел сотталды

Сурет: istockphoto.com

Астанада 60-тан астам адамды алдап, 500 млн теңге жымқырған әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тергеу дерегіне сәйкес, сотталушы таныстарының, көршілерінің және бұрыннан араласатын адамдардың сеніміне кіріп, ипотека рәсімдеп, тұрғын үй сатып алу мәселелерін шешіп беруге уәде еткен. Осы сылтаумен ол жәбірленушілерден ақша алып, несие рәсімдетіп, алынған қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.

Сотталушы жәбірленушінің бірін банкке екі бөлмелі пәтерін несиеге кепілге қоюға көндірген. Алғашында несиені өзі төлейтінін және үш бөлмелі пәтер сатып алуға көмектесетінін уәде еткенімен, алынған ақшаны өз пайдасына жұмсаған. Соның салдарынан жәбірленушіге 9 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Бұдан бөлек, ол декреттік төлемді көбейтіп беремін деген желеумен таныстарының бірінен 5 млн теңгеден астам ақша алып, уәдесін орындамаған.

Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтарды ұсынды. Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, жекелеген эпизодтар бойынша жасаған ісіне өкініш білдірді, — делінген прокуратура хабарламасында.

Сот үкімімен айыпталушы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Көп оқылғандар